Семей қаласында шырша безендіріп жатып жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиев ісі бойынша еңбек инспекция тексеру нәтижесін шығарды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Абай облысы бойынша департаменті Семейде шырша безендіріп жатып жарақат алған мұғалім ісіне қатысты 2024 жылдың 25 желтоқсанында арнайы комиссия құрған.
— Сол комиссияның тексеру қорытындысымен белгілі болғандай, оқиға болған күні Қуат Айтқалиевке еңбек қызметіне байланысты акті жасалынып, табысталған. Еңбек қызметіне байланысты болуы себебі мұғалім орталық алаңға мектеп директорының тапсырмасы бойынша барған. Комиссиямен жұмыс берушінің кінәсі 100% деп шешілді, жұмыскердің кінәсі жоқ, — деп хабарлады мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің баспасөз қызметінен.
Денсаулығына зақым келуіне байланысты мұғалімге уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде орташа еңбекақысы төленіп отырмақ.
— Емге кеткен шығындарды өтеу бойынша төлем мұғалімнің осы шығынтарды растайтын құжаттарының негізінде беріледі. Бұл ретте, ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды. Заңға шеңберінде шешім қабылдау үшін жинақталған материалдар жергілікті полиция органына жолданды. Себебі, Қылмыстық Кодексте еңбек қорғау талаптарын бұзған лауазымды тұлғаларға қолданылатын жазалар бар, — делінген ақпаратта.