Белгілі болғандай, Өскемен қаласының әкімдігі кәсіпкерге тиесілі нысанның кіреберісі мемлекеттің балансындағы жерде орналасқандықтан оны бұзуды талап еткен. Бұған дейін кәсіп иесіне осы жерді жалға алуға рұқсат берілмеген. Бұл талаппен келіспеген кәсіпкер ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
— Өскемен қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға көмектесудің орнына кіреберісті бұзуды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Кәсіпкер ортақ мәмілеге келуге тырысып, жерді жалға беруді сұрады. Бірақ одан бас тартылды. Біз кәсіп иесіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсеттік, — дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева.
Соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімдіктің жеке кәсіпкерге мемлекет меншігіндегі жерге ғимаратқа кіреберісті орналастыру үшін жер телімін беруден бас тартуын заңсыз деп таныды. Осылайша, кәсіпкер сотта жеңіп шықты.
Айта кетейік, 2024 жылы ШҚО Кәсіпкерлер палатасында кәсіп иелерінің құқығын қорғау мәселелері бойынша 300-ден астам өтініш қаралды. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Арыз-шағымдар негізінен жер мен салық мәселелеріне қатысты болған.