ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері желтоқсан айында өңірдегі сауда орындарына 340 рет рейдке шықты. Ондағы мақсат – сертификатталмаған пиротехника саудасына тосқауыл қою.
Соның нәтижесінде, 194 дана контрафактілік пиротехника тәркіленді. Заңсыз сауда жасағандарға ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 21 хаттама толтырылды.
— Пиротехникалық өнімдер оның сақталуын қамтамасыз ете алатын, күн сәулесі мен жауын-шашын түспейтін жерде ғана сатылуы қажет. Отшашулар саудаланатын орындар өрт дабыл жүйесі мен алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс, — деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
ШҚО полиция департаментінің хабарлауынша, облыста пиротехникалық өнімдерді сатуға лицензиясы бар 4 мекеме тіркелген. Олардың екеуі Өскеменде, екеуі Алтай қаласында орналасқан. Лицензиясы жоқ азаматтарға пиротехникалық өнімдерді сатуға қатаң тыйым салынады.