Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығында дәстүрге айналған ҚР Президенті мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің шыршасы өтті. Жекпе-жек сарайында өткен мерекелік шараға 450 бала қатысты. Оның ішінде мектепте және спортта жетістіктерге жеткендер, мүмкіндігі шектеулі оқушылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, балақайларға осындай мерекелік көңіл-күйі сыйлаудың маңызы зор. Себебі олар сиқырға және жаңа жылдық ғажайыптарға шын сенеді.
Балалар ертегідегі қарағай туннелімен жүріп өтіп, мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлерімен жүздесті. Түрлі байқаулар мен ойындарға қатысып, жаңа жылдық қойылым тамашалады. Сыйлықтар мен 150 мың теңгенің сертификаттарын алды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, балақайлардың өздері мерекеге жақсы дайындалған.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда жыл көлемінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде осы жаңа жылдық шара балалардың есінде ерекше қалатыны сөзсіз.