Шығыс Қазақстан облысындағы тауда жарылыс жасалып, қар көшкіні түсірілді.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатыр.
Соның нәтижесінде, Өскемен-Самар тасжолындағы тау беткейлерінде қардың көп жиналып қалғаны және жел жылдамдығы көбейсе көшкін жүру қаупі бар екендігі анықталды.
— Соған байланысты аталған тасжол учаскесінде профилактикалық қар көшкіні түсірілді. Барлығы 3 рет жарылыс жасалып, таудан 890 шаршы метр қар массасы түсті, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, құтқарушылар қалың қар жауса 3-5 күн ішінде, қатты жел соғып тұрғанда және аяздан кейін күн жылытып кеткенде таулы жерлерге барудан бас тартуға кеңес берді. Себебі ондай уақытта қар көшкіні жүру қаупі күшейе түседі.