Осы жазда жекеменшік балабақшалар қабылдау жүйесіндегі блокқа байланысты балаларды өздеріне қабылдай алмай қалған болатын. Бұл ата-аналар арасында дүрбелең тудырды. Ал мектепке дейінгі мекемелер шығынға ұшырады. Өйткені балабақшалардың табысы мен педагогтардың жалақысы әр балаға жан басына шаққандағы қаржыландыруға байланысты.
— Қалалық білім бөлімі өкілдерімен бірнеше рет кездесу өткізілсе де еш нәтиже болмады. Сондықтан кәсіпкерлерге сотқа жүгінуге тура келді, — деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасынан.
Осылайша, 18 балабақша қалалық білім бөлімін сотқа берді. ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, сот процесі облыстық прокуратура мен ҚР Білім министрлігі өкілдерінің қатысуымен барынша ашық жүргізілді.
— Сот әлеуметтік саладағы кәсіпкерлерді қорғап, 60 млн теңгеден астам залалды өндіру талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарды, — делінген хабарламада.