Шығыс Қазақстан облысында барлығы 60 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олар жыл сайын атмосфераға мыңдаған тонналап ластаушы заттар шығарады.
2024 жылға кәсіпорындар үшін шығарындылардың лимиті 76,8 мың тонна болып белгіленген. Осы және басқа да экологиялық талаптарды сақтамаған компанияларға жыл басынан бері 2,2 млрд теңге айыппұл салынған. Алайда бүгінде кәсіпорындар сол айыппұлдардың тек 186,6 млн теңгесін төлепті.
— 2,1 млрд теңге әлі бюджетке түскен жоқ. Себебі айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімі әлі аяқталмады. Түсе салысымен ақшаны өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға жұмсауды жоспарлап отырмыз, — дейді ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков.
Сарапшылардың айтуынша, айыппұлды уақтылы өндіріп алу қоршаған ортаны қорғау шараларын жеделдете түседі.