Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілмек.
Бұл туралы «Казселезащита» ММ облыстық филиалынан мәлім етті.
— 19 желтоқсанда сағат 10.00-де облыстық маңызы бар Өскемен-Тарғын-Самар тасжолының (132-137 шақырымында) учаскесінде профилактикалық мақсатта қар көшкіні түсіріледі, — делінген ақпаратта.
Сондықтан көлік жүргізушілерінің өз маршруттарын алдын ала жоспарлап алғаны жөн.
Осы ретте, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өңір жұртшылығын таулы жерлерге барудан бас тартуға шақырды.
— Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз. Алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп алыңыз, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.