Облыстық Экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері 4 қаржы пирамидасын анықтап, заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойды. Екі аяқталған іс бойынша алданған адамдардың саны 250-ге жеткен. Халыққа барлығы 400 млн теңге шығын келтірілді.
Бұл туралы департамент басшысы Айдын Молдабеков мәлім етті.
— «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» сияқты компаниялар фармацевтика мен жаңартылатын энергетика салаларына ақша құюға шақырған. Осылайша, халықтың әлеуметтік осал топтарын мол табыс табуға болатынын айтып алдады. Қаржы пирамидаларының негізгі белгілері келесідей: адам тарту арқылы төлем алу, интернетте белсенді жарнама жүргізу, компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелуі, ақшаны бейресми төлем жүйелері арқылы қабылдау, — дейді ол.
Күмәнді компанияларды тексеру үшін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты жасалған. Онда компанияның БИН-ін немесе сайтының сілтемесін енгізіп, тәуекелдер туралы ақпарат алуға болады.