Бородулиха ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жеңіс Божаев күн энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғы жасады. Бұл жоба арқылы оқушы көмір, отын және электр энергиясына деген тәуелділікті азайтып, экологияға зиянды әсерді төмендетуді көздеп отыр.
Жобаны оқушы күн коллекторының сызбасын әзірлеп, бөлшектерді таңдап, қондырғыны құрастырудан бастаған. Ол күн коллекторы арқылы ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық ғимараттарды жылытуға және су қажеттіліктерін қамтамасыз етуге болатынын анықтады. 30-90°C аралығындағы суға қажеттілік, әсіресе, ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін ескерген Жеңіс Божаев бұл жүйенің өңірдегі маңыздылығына назар аударды.
«Коллектордың құрастырылуында Жеңіс ағаш каркас пен пеноплекс жылу изоляциясын қолданып, жүйенің қос қабатты шыны арқылы герметикалық тығыздығын жасады. Жылу аккумуляторы ретінде арнайы ыдысты қолданып, тиімділігін сынақтан өткізді. 0,33 шаршы метр көлеміндегі коллектор құрылғысы 30°C температураға дейін қызу беріп, күні бойы 2 142 000 Дж энергия жинай алатынын көрсетті», — делінген Абай облыстық білім басқармасының ақпаратында.
Оқушының есептеуінше, 23 шаршы метр аумақты қамтитын күн коллекторы орташа үйді жылытуға және ыстық сумен толық қамтамасыз етуге жетеді. Мұндай құрылғыны үйдің төбесіне орналастыру тиімді әрі кеңістікті үнемдейді.