Еске салсақ, Пхукет-Алматы бағытындағы ұшақта отырған жас қызға шұғыл медициналық көмек қажет болған. Сол кезде еңбек демалысында болған өскемендік медбике Іңкәр Сейілғазина көмекке келіп, оны аман алып қалды.
Бүгін Өскеменде өткен барлық деңгейдегі әкімдерінің «Халықпен бірге!» атты өңірлік форумында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев адам жанын ажалдан арашалап қалған медбикені марапаттады.
— Пхукет-Алматы бағытындағы ұшақта ауруы асқындар адамға біздің гемотология орталығында жұмыс істейтін Іңкәр Сейілғазина көмекке келіп, құтқарып қалған. Содан ұшақ қонған соң оны дәрігерлерге тапсырды. Егер Іңкәр Сейілғазина болмаса бұның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін еді. 900 мың метрде ұшып бара жатқанда өзгеге көмектесу үшін тек білім ғана емес, мінез, батылдық, ерік-жігер керек. Іңкәр Мұратбекқызы бойында осындай қасиеттер бар екенін көрсетті, — дейді облыс әкімі.
Содан соң аймақ басшысы медбикеге өз ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.
Айта кетейік, Іңкәр Сейілғазина – еңбек өтілі 31 жылдан асатын жоғары санатты реанимациялық медбике. Ол хирургия, реанимация, ковид бөлімшелерінде жұмыс істеген тәжірибелі маман.