Шығыс Қазақстан облысында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Өңірдің апаттық-құтқару қызметтерінің қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға дайындығын облыс әкімі Ермек Көшербаев пен ТЖД бастығы Рашид Блялов тексерді.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы техника мен азаматтық қорғау қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Ол облыстың құтқару қызметтерінің қарамағында арнайы көліктер жеткілікті болуын назарға алып, қызметкерлермен қыста кездесетін проблемалық жайттарды талқылады.
— Қысқы боран болып, қалың қар жауған кезде халықтың қауіпсіздігі – бірінші кезектегі міндет. Қазір барлық құрылымдардың: ТЖ департаментінің, полицияның, Ұлттық ұланның, қала, аудан әкімдіктерінің, жол қызметтерінің дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қыста түрлі төтенше жағдайлар болуы мүмкін. Қазандықтар жұмысындағы мәселелер, электр энергиясындағы іркілістер, жолдардағы апаттар. Әсіресе, біз жолдардағы апаттық-құтқару жұмыстарына дайын болуымыз керек, — деді Ермек Көшербаев.
«Қыс-2024» оқу-жаттығуының сценариі бойынша ШҚО-да қатты боран соғып, жолдардың бірінде іште көп адам отырған автобус қар құрсауында қалды. Құтқарушылар «Шерп» өтімділігі жоғары жол жүретін көліктермен келіп, зардап шеккен азаматтарды эвакуациялады. Оларды жақын маңдағы медициналық мекемеге жедел жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшағы тартылды. Бортта Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері алғашқы көмек көрсетті.
— Еліміздің шығысындағы ызғарлы қысты ескере отырып, оқу-жаттығуды шынайы жағдайға барынша жақындаттық. Өткен қыс мезгілінің өзінде тас жолдан 90 адам құтқарылып, эвакуацияланды, 18 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, 70 дауылды ескерту жарияланды. Осы қыс мезгілінде ШҚО ТЖД-нің 114 өтімділігі жоғары техникасы сақадай сай тұр, — деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.