Жыл басынан бері облыс аумағында барлығы 492 өрт шыққан. Оның 342-сі жеке тұрғын үй секторында болды. Бұл барлық өрттердің 69%-ын құрайды. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
— Құтқарушылар үйлерді аралап, халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін олар 52 мыңнан астам үйді аралап шықты. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 13 090 дерегі тіркеліп, сол жерде жойылды», — деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Өңір бойынша әлеуметтік осал санаттағы отбасылар тұратын 3 101 үй бар. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ТЖД қызметкерлері мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түтін мұржаларын тазалау, пеш жабдықтарындағы жарықтар мен саңылауларды жою, пеш алдындағы қорғаныш металл қаңылтырды орнату сынды көмектер көрсетті.
Сондай-ақ осындай отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Соңғы жылдары орнатылған осы құрылғылардың арқасында 42 адамның өмірі құтқарылды.