Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір ақылы болуы мүмкін. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен жиналыс барысында мәлім болды.
Қазір Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы аяқталуға шақ қалды. Жоспар бойынша Қазақстандағы ең ұзын көпір Республика күнінде ашылуы тиіс.
«Көпірдің ашылуы облыс тұрғындары үшін тарихи оқиға болайын деп тұр. Құрылыс жұмыстарына шетелдік жұмыс күні мүлде тартылмаған. Біздің инженерлеріміз, сәулетшілеріміз бен жұмысшыларымыз көпірді бастан-аяқ салып шықты. Сондықтан бұл толыққанды отандық жоба деуімізге әбден болады», — деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Аймақ басшысы өз сөзінде көпірдің ақылы болуы мүмкін екендігін жеткізді.
— Көпірді күтіп-ұстау керек. Оның жағдайы әрдайым талапқа сай болуы тиіс, — деді Ермек Беделбайұлы.