Ұлан ауданы Бозанбай ауылдық округі Бозанбай ауылында тұратын әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы референдумға қатысты. №976 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
«Президент референдум өтетіндігін жариялаған кезде бірден өз дауысымды беремін деп шештім. Сол үшін бүгін міне осында келіп отырмын. Жалпы біз еркін ойлай алатын, өзіндік ой-пікірі бар халықпыз ғой. Сондықтан елін сүйген, мемлекетінің болашағын ойлайтын барша азамат осындай маңызды сайлаудан қалыс қалмауы керек деп есептеймін», — дейді бүркітші қыз.
Айшолпан Нұрғайыпқызы алты жасынан бастап асау үйретіп, сегіз жасынан бүркіт баптаған. Ірі халықаралық жарыстарға қатысып, ең жас бүркітші атанған. Қазақ қызы туралы ондаған фильм түсіріліп, жер-жаһанның түкпір-түкпірінде көрсетілді.
Құс көтерген көп ұлдың арасындағы бүркітші қызға атадан қалған дәстүрді жалғастырып, ұлттық болмысты жоғалтпас үшін құсбегілікпен айналысуға әкесі Нұрғайып Ыдырысұлы себепкер болған. Бүркітшілер отбасы көптен бері тарихи отанына көшуді мақсат еткен. Қазір ШҚО-дағы Бозанбай ауылында тұрып жатыр.