Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Қизатовқа «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін табыстады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қол қойған марапат Бақытбек Қизатовтың мемлекеттік қызметтегі көп жылғы адал еңбегінің, кәсібилігінің және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесінің бағасы болып отыр.
Бақытбек Құрманбекұлы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1996 жылы бастаған. Осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтап, жиырма жылдан астам уақыт еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік құрылымдарға басшылық етті. Бүгінде оның жетекшілігімен облыста еңбек заңнамасының сақталуы, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша маңызды жұмыстар атқарылуда.
Еңбек жолында ол республикалық және халықаралық деңгейде бірнеше рет жоғары бағаланған. Екі мәрте Қазақстанның үздік мемлекеттік еңбек инспекторы атанып, ТМД елдері арасындағы үздік еңбек инспекторы болып танылды. «Әлеуметтік қорғау саласының үздігі» атағына ие. 2023 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Бақытбек Қизатовты лайықты марапатымен құттықтаған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов оның талай жылдық тәжірибесі мен жұмысына деген жауапкершілігін атап өтті. Сондай-ақ зор денсаулық, толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

