Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында 44 жастағы экскаватор жүргізушісі электр желісін зақымдаған. Белгілі болғандай, ол рөлге мас күйде отырған.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, электр кабелінің зақымданғаны туралы жергілікті тұрғын хабарлаған. Оның үйінде электр жарығы өшіп қалған.
— Тәртіп сақшылары ер адамның оқиға болған күннің қарсаңындағы кеште алкогольді ішімдік ішкеннен кейін экскаватор тізгініне отырғанын анықтады. Маневр жасау кезінде ол электр желісін зақымдаған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның жеңіл дәрежедегі мас күйде болғаны расталды.
Сондай-ақ ер адамның 2025 жылы көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

