Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында кезекті «Шығыс салбурыны – 2026» фестивалі ұйымдастырылады.
Ұлан ауданы әкімдігінің мәліметінше, 8-11 қазан аралығында Бозанбай ауылында дәстүрлі құсбегілік өнерінен «Шығыс салбурыны – 2026» I Азия кубогі өтеді. Дүбірлі додаға тоғыз елден құсбегілер қатыспақ.
— Олар бүркіт, қаршыға, сұңқар және басқа да саят құстарын баптау мен олармен аңға шығудағы шеберліктерін көрсетеді. Төрт күнге жоспарланған шара бағдарламасында тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және «Толағай жарысы» сынды ұлттық спорт түрлері қамтылған, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар фестиваль қонақтарына белгілі өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама да ұсынылады.

