Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Оның айтуынша, аудан ауыл шаруашылығы саласында өңір көшбасшыларының бірі саналады.
Облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 21 пайызы осы ауданның үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері 7 айда 71 миллиард теңгеге жуық өнім өндіріліп, өсім 3,6 пайызды құрады. Ауданда 62 мың бас ірі қара, 102 мың қой мен ешкі, 46 мың жылқы бар. Мұнда 9 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Өндірілетін сүт көлемі 14 мың тоннаға жетеді. Бұл бағытта өсімге мүмкіндік мол. Мәселен, аудандағы 8 бордақылау алаңында 3,5 мың орынның бар болғаны 520-сы ғана пайдаланылып отыр. 7 айда 52 мың тонна ет өндірілді. Бұл — облыстағы жалпы өндіріс көлемінің шамамен 60 пайызы, — деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта 600 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ балық өсіру және оны өңдеу бағыттары дамып келеді. Өскеменде биоөңдеу кәсіпорынының құрылысы жүргізіліп жатыр — өндіріс процесін келесі жылы іске қосу жоспарланған. Осылайша, «жемшөп базасы — мал шаруашылығы — қайта өңдеу — өткізу» толық өндірістік циклі қалыптасқан.
— Сонымен қатар жайылымдарды тиімді пайдалану және айналымға пайдаланылмай жатқан жерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 56 жоба мақұлданды, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
ШҚО әкімі алдағы төрт жылға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарын іске асыру, қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын тиімді пайдалануды арттыру және агроөнеркәсіптік кешендегі 4 инвестициялық жобаның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету міндеттерін қойды.

