ШҚО-дағы Ана мен бала орталығы Орталық Азияда алғаш болып балаларға арналған нейрохирургиялық робот алады

Өскемендегі Ана мен бала орталығына жасанды интеллекті бар Remebot RM-200 роботтандырылған жүйесі орнатылады. Құны 433 млн теңгеден асатын жабдық 10 қыркүйекте жеткізіледі. Оны орнатып, пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланған.

Медициналық мекеменің жұмысымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысты. Жабдықты жеткізу сертификатын «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов табыстады. Жүйе «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметі аясында Samruk Kazyna Trust қоры арқылы сатып алынады.

Remebot RM-200 Қазақстан мен Орталық Азияда балалар нейрохирургиясында қолданылатын алғашқы әрі жалғыз робот болады.

– Бұл жаңа үлгідегі аппарат. Қазақстанда дәл балалар ауруханасына алғаш рет орнатылады, – деді Ана мен бала орталығының нейрохирург дәрігері Нариман Айдарханов.

Жүйе нейрохирургиялық навигация мен стереотаксиялық хирургияның мүмкіндіктерін біріктіреді. Жасанды интеллект операцияны алдын ала жоспарлауға, мидың үш өлшемді моделін жасауға және араласудың ең қауіпсіз траекториясын анықтауға көмектеседі. Роботтандырылған манипулятор субмиллиметрлік дәлдікті қамтамасыз етеді.

Жабдық тіндердің жарақаттануын және сау тіндердің зақымдану қаупін азайтып, аз инвазивті операциялар жасауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер патологиялық ошақтарды жылдам әрі дәл тауып, оларды күйдіре немесе алып тастай алады. Сондай-ақ мидың терең құрылымдарына операция жасау мүмкіндігі туады. Өйткені нейрохирургияда бір миллиметрдің өзі ұсақ-түйек емес.

Remebot RM-200 жүйесін фармакорезистентті эпилепсияны, мидың терең орналасқан ісіктерін және гидроцефалияны емдеуде қолдану жоспарланған. Оның көмегімен мамандар стерео-ЭЭГ жүргізіп, эпилепсиялық белсенділік ошақтарын анықтау үшін терең электродтар орната алады. Сонымен қатар стереотаксиялық араласулар жасап, терең орналасқан ісіктерден аз инвазивті әдіспен биопсия алады.

Жүйе нейрохирургиялық навигацияны, операция кезіндегі нейромониторингті, бассүйекішілік қысымды бақылауды, ми мен оның қабықтарына диагностикалық зерттеулер жүргізуді де қарастырады.

– Жаңа жабдықты қолдану арқылы операциялардың дәлдігі артып, қателік саны барынша азаяды, – деді Нариман Айдарханов.

Балалар нейрохирургиясы Ана мен бала орталығында қазірдің өзінде жеке бағыт ретінде жұмыс істейді. Бөлімше 22 төсекке есептелген және Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген науқастарды қабылдайды.

Соңғы үш жылда мұнда эпилепсияның ауыр түрлерімен ауыратын балаларға аз инвазивті әдіспен шамамен 33 операция жасалды. Операция кезінде кезбе жүйке стимуляторы имплантацияланады. Бұл әдіс VNS-терапия деп аталады. Емнен кейін науқастарда ұстамалардың жиілігі мен ауырлығы азайған.

Орталықтың стационары жалпы 347 төсекке есептелген. Мекемеде 141 дәрігер жұмыс істейді. Осы жылдың жеті айында мұнда 9 590 науқас ем қабылдады. Медициналық көмек тәулік бойы, оның ішінде шұғыл жағдайларда да көрсетіледі.

Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін жыл сайын балаларға 400 операция жасау жоспарланған. Қажет болған жағдайда жабдықтың техникалық мүмкіндігі операциялар санын жылына 800-ге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Remebot RM-200 жеткізіліп, орнатылғаннан кейін Орталық мамандары арнайы даярлықтан өтеді. Операциялардың жаңа түрлері кезең-кезеңімен енгізіледі.

– Біздің өңір үшін балалар нейрохирургиясын дамытудың маңызы ерекше. Қазірдің өзінде Орталық мамандары үш облыстың балаларына көмек көрсетіп, күрделі операциялар жасап, заманауи емдеу әдістерін дамытып келеді. Жаңа жабдық осы мүмкіндіктерді кеңейтіп, бұған дейін өңірімізде қолжетімсіз болған технологияларды енгізуге жол ашады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуынша, биліктің міндеті – медициналық инфрақұрылымды дамыту, мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және дәрігерлердің кәсіби өсуіне жағдай жасау. Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының балалары қажетті жоғары технологиялық медициналық көмекті Өскеменде алуға тиіс.

Remebot RM-200 жүйесінің іске қосылуы Орталықтың республикалық деңгейге шығып, еліміздің түкпір-түкпірінен балаларды қабылдауына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қазір науқастарды республикалық және шетелдік клиникаларға жіберуге тура келетін операциялардың бір бөлігін Өскеменде жасауға болады.

Новые статьи

В Казахстане развивают цифровую реабилитацию

В Казахстане расширяют применение цифровых технологий в реабилитации детей с инвалидностью. Они позволят продолжать занятия дома, получать консультации профильных специалистов и корректировать программу помощи,...

ЦМИР ВКО первым в Центральной Азии получит нейрохирургического робота для детей

В Центре матери и ребенка Усть-Каменогорска установят роботизированную систему Remebot RM-200 с искусственным интеллектом. Оборудование стоимостью более 433 млн тенге доставят 10 сентября, а...

Аида Балаева стала Заместителем Председателя Совета Безопасности страны

Указом Главы государства Аида Балаева назначена Заместителем Председателя Совета Безопасности Республики Казахстан. Следом Глава государства принял Аиду Балаеву, в ходе встречи Касым-Жомарт Токаев обозначил ряд первоочередных...

Китайские художники подарили свои работы Культурному центру Казахстана в Пекине

В Культурном центре Казахстана в Пекине прошла встреча с известными китайскими художниками и мастерами каллиграфии. По итогам мероприятия авторы передали Центру свои произведения в...