Осы жексенбіде, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Ел Мәжіліс пен Сенаттан тұрған бұрынғы Парламенттің орнына келген жаңа бір палаталы заң шығарушы органды қалыптастырады.
Сайлауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығымен тағайындады. Дәл осы күні 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді.
Заң шығарушы билікті қалыптастыру тәртібі толығымен өзгерді. Құрылтай бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауынан айырмашылығы, енді бірмандатты округтер де, өзін-өзі ұсынатын кандидаттар да жоқ.
Бүкіл ел бірыңғай жалпыұлттық сайлау округіне айналды. Барлық мандат саяси партиялар арасында бөлінеді. Сайлаушыға бір бюллетень беріледі. Онда жеті партияның біріне белгі қоюға немесе «Бәріне қарсымын» деген жолды таңдауға болады. Бюллетеньде кандидаттардың аты-жөні көрсетілмейді.
Жеребе қорытындысы бойынша партиялар мынадай ретпен орналасқан:
- «Әділет» партиясы.
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
- Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы.
- Қазақстан Халық партиясы.
- «Ауыл» партиясы.
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы.
- Respublica партиясы.
Орталық сайлау комиссиясы барлығы 545 кандидатты тіркеді. Ал орын саны, еске салайық, небәрі 145. Демек, бәсеке қызу. Алайда сайлаушы нақты бір адамға емес, тұтас партияға дауыс береді.
Мандат алу үшін саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5%-ын жинауы керек. Нәтиже анықталғаннан кейін Құрылтайға өткен әр партияның басшылығы тіркелген тізімдегі кандидаттардың қайсысы депутат болатынын шешеді.
Мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған кемінде 30% жиынтық квота сақталуы тиіс. Бұл талап барлық партиялық тізімде орындалған. Кандидаттар арасында 172 әйел, 35 жасқа толмаған 74 адам және мүгедектігі бар 19 адам бар.
ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 605 788 адам енгізілген. Дауыс беруге 12 731 847 бюллетень басып шығарылды. Бұл санға 1% көлеміндегі резерв те кіреді.
Ел бойынша 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 61 мемлекетте орналасқан 79 шетелдік учаске бар. Қалыпты режимдегі учаскелер жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылып, 20:00-де жабылады. Тағы 107 учаске жұмысын сағат 06:00-де бастайды.
Дауыс беру тек жеке өзі қатысу арқылы және қағаз бюллетеньмен өтеді. Бюллетень алу үшін жеке куәлік немесе паспорт қажет. Туысының, көршісінің немесе басқа адамның орнына дауыс беруге болмайды.
Шығыс Қазақстан облысында 534 сайлау учаскесі дайындалды. Оларда сайлау комиссияларының 3 692 мүшесі жұмыс істейді.
Өскемен тұрғындары өз учаскесінің мекенжайын @vote_vko_bot Telegram-боты арқылы тексере алады. Егер боттан мәлімет табылмаса, 8 (7232) 401232 және 8 (7232) 401188 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Сонымен қатар 23 тамызда Өскемендегі қоғамдық көліктің барлық бағыты бойынша жол жүру тегін болады. Мұндай шешімді тасымалдаушылар қала әкімдігінің ұсынысымен қабылдады.
Егер сайлаушы дауыс беру күні басқа елді мекенде болса, тұрақты тіркелген жеріндегі учаскеден дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл құжаттар 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі.
Денсаулығына, науқас туысына күтім жасауына немесе шалғай жерде тұруына байланысты учаскеге бара алмайтын азаматтар үйде дауыс беруге өтініш бере алады. Өтінішті 23 тамыз сағат 12:00-ден кешіктірмей тапсыру қажет.
Бұл сайлау ел үшін несімен маңызды? Қазақстанда алғаш рет заң шығарушы органның бүкіл құрамы тек партиялық тізімдер арқылы қалыптасады. Енді өңірлік және бірмандатты депутаттар болмайды. Сондықтан ШҚО тұрғындарының дауысы жалпы республикалық нәтижеге қосылады.
Дауыстарды санау учаскелер жабылғаннан кейін бірден басталады. Орталық сайлау комиссиясы ресми қорытындыны он күн ішінде белгілеуі тиіс.

