Павлодар облысында сайлау комиссияларының мүшелері есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға көмектесу үшін ымдау тілінің негізгі белгілерін үйреніп жатыр. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына өңірдің дайындығын ҚР ОСК мүшесі Михаил Бортник тексерді.
Жұмыс сапары кезінде ол Павлодар мен Екібастұздағы сайлау учаскелерін аралады. Негізгі назар олардың техникалық жабдықталуына, мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивті орта қалыптастыруға және комиссия мүшелерінің даярлығына аударылды.
Екібастұздағы № 524, 535 және 539 сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері ымдау тілінің негізгі белгілерін білетінін көрсетті. Бұл дағдылар күнделікті жұмысқа тікелей қажет: олар есту қабілеті бұзылған сайлаушымен амандасып, құжатын тексеріп, тізімнен тауып, дауыс беру кабинасына өтуін ұсына алады. Яғни, мұнда ымдау тілі адамдармен дұрыс жұмыс істеу үшін қажет.
Павлодардағы № 34 және 55 учаскелерде Михаил Бортникке сайлаушыларға атаулы шақырулардың қалай табысталатыны көрсетілді. Комиссиялар мәліметтерді жинап, жүйелеу үшін цифрлық құралдарды пайдаланады.
Учаскелік комиссияның хатшысы нақты уақыт режимінде қанша пәтерге барғанын, қанша шақыру табысталғанын және кімге қайта бару керектігін көріп отырады.
Сондай-ақ Михаил Бортник учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына арналған тәжірибелік семинарға қатысты. Семинар «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау кезінде учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыбына арналды.
Семинарға учаскелік комиссиялардың 120 мүшесі қатысты. Олар интерактивті тапсырмалар мен тәжірибелік кейстер арқылы сайлау заңнамасы бойынша білімдерін бекітіп, учаскелерді жабдықтау, сайлаушылармен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін пысықтады.
Бұдан бөлек, ОСК мүшесі мемлекеттік органдардың басшыларымен, облыстық сайлау комиссиясының мүшелерімен, сондай-ақ қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларымен жұмыс кеңесін өткізді.
Қатысушылар облыстың сайлауға дайындығын, азаматтарға арналған ақпараттық науқанды, call-орталықтардың жұмысын, өз сайлау учаскесін табу жолдарын, үйде дауыс беру қағидаларын және есептен шығару куәліктерін алу тәртібін талқылады.
Павлодар облысында сайлауды әзірлеу мен өткізуге 536 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оларда 3 446 адам жұмыс істейді.

