Қазақстанда алкоголь өнімдерін міндетті таңбалау жүйесін енгізуге дайындық жүріп жатыр. Жаңа тәртіпті 2027 жылдан бастап іске қосу жоспарланған. Алайда оған дейін мемлекет пен бизнес техникалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі керек.
Таңбалауға дайындық мәселелері ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде талқыланды. Жұмыс кездесуі МКК төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтің төрағалығымен өтті.
Кеңеске «Бахус» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Петропавл арақ зауыты» ЖШС және саланың басқа да кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Кездесуде тек таңбалау мәселесі сөз болған жоқ. МКК мен өндірушілер өзара сауданы дамыту және қазақстандық алкоголь өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу көлемін ұлғайту жайын талқылады. Атап айтқанда, кәсіпорындардың экспортты арттыруға дайындығы, қазіргі кедергілер және сыртқы сауданы дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Тараптар мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылына да ерекше назар аударды. Бұл отандық өндірушілердің шетел нарықтарына шығу үшін қосымша мүмкіндіктерді пайдалануына көмектесуі тиіс.
Сала міндетті таңбалау жүйесін пилоттық жоба аясында сынап көрді. Жобаны іске асыру кезінде нормативтік және техникалық шешімдер, сондай-ақ өнімнің қозғалысын қадағалау тәсілдері тексерілді.
Жаңа тәртіп іске қосылғанға дейін техникалық жетілдіру жұмыстарын аяқтап, таңбалау кодтарын түсіру, есепке алу және олардың қозғалысын бақылау процестерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет.
Кәсіпорын өкілдері таңбалауға дайындық кезінде туындайтын практикалық қиындықтарды атап, техникалық шешімдерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Кездесу қорытындысында МКК мен бизнес екі бағыт бойынша диалогты жалғастыруға келісті. Олар қазақстандық экспорттың мүмкіндіктерін кеңейту және саланы 2027 жылдан бастап алкоголь өнімдерін міндетті таңбалауға дайындау мәселелерін қамтиды.

