Шығыс Қазақстан облысы аумағында 28-30 шілде аралығында республикалық «Тасымалдаушы» жедел алдын алу шарасы жүргізіледі.
Мұндағы мақсат — жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық көліктер мен жеңіл таксилердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
— Осы күндері полиция қызметкерлері автобустарды, шағын автобустарды және такси автокөліктерін тексеруде. Басты назар жол жүрісі қағидаларының сақталуына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жолаушылар мен багажды тасымалдаудың заңдылығына, рөлі оң жақта орналасқан таксилердің пайдаланылуына жол бермеуге аударылады, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Рейдтік шараларға мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де тартылған. Бірлескен жұмыстар жолдағы тәртіпті нығайтуға және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

