Қазақстанда партиялық тізімдерді тіркеу аяқталды. 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:01-де сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 2026 жылғы 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабына сәйкес азаматтар мен сайлау процесіне қатысушыларға үндеу жасады. Ол заңнаманың негізгі талаптарын және айыппұл мөлшерін еске салды. Бұл талаптарды айналып өту әрекеті материалдық жауапкершілікке әкеп соғады.
Сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27 және 28-баптарымен реттеледі.
Мемлекет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге кандидаттарды немесе саяси партияларды жақтап не оларға қарсы кедергісіз үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді. Үгітті бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шараларда, сондай-ақ үгіт материалдарын тарату жолымен жүргізуге болады.
Жаңалықтарда үгітке орын жоқ
Телерадио хабарларын тарату субъектілеріне жаңалықтар мен талдамалық бағдарламаларда үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Бұл талапты бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабы 1-1-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 50 АЕК.
Кандидат ретінде тіркелген немесе олардың сенім білдірілген адамы болған журналистер мен БАҚ редакцияларының лауазымды тұлғалары да сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялауға қатыса алмайды.
Мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабы 3-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау науқанын объективті түрде жариялауға міндетті. Редакциялар сайлау алдындағы іс-шаралардың мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ оларға байланысты оқиғалар мен деректерді бұрмаламауы керек.
БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жарияламауға тиіс.
Кандидатқа немесе партияға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялауға мүмкіндік берілмеген жағдайда да жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес айыппұл мөлшері 20-дан 50 АЕК-ке дейін жетеді.
БАҚ партияларға тең жағдай жасауға міндетті
Кандидаттар мен партиялық тізім ұсынған саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділікке кепілдік беріледі.
Егер редакция бір саяси партияның ақылы үгіт материалдарын орналастыруға келіссе, онда партиялық тізім ұсынған басқа партияларға да дәл сондай шарттар ұсынуға міндетті.
Бұл талапты бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 4 және 6-бөліктері бойынша жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 20-дан 50 АЕК-ке дейін.
Үгіт материалдарын шарт негізінде орналастыру қызметін көрсететін БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт басталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясына төлем мөлшері мен материалдарды орналастыру шарттары туралы мәлімет беруге тиіс.
Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы осы мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
Бұл талаптарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабы 5-бөлігіне сәйкес 30-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Кездесуге арналған үй-жайлар тең жағдайда берілуі керек
Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесу өткізу үшін шарт негізінде үй-жай береді.
Шарттар барлық кандидат үшін бірдей әрі тең болуы керек. Бұл талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Айыппұл мөлшері – 30 АЕК.
Анонимді үгітке тыйым салынады
Үгіт материалдарында оларды шығарған ұйым туралы мәлімет көрсетілуі керек. Баспа өнімінде оның басылған жері мен таралымын да жазу қажет.
Сонымен қатар материалдарда тапсырыс берушілер мен төлем көздері туралы ақпарат болуы тиіс.
Заң бойынша:
– үгіт материалдарын Қазақстан Республикасынан тыс жерде дайындауға;
– анонимді үгіт материалдарын таратуға;
– қазіргі сайлау науқанына арнап әзірленбеген материалдарды пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларда бұл талаптар пайдаланушылар үгіт материалдарын шарт негізінде дайындаған жағдайда қолданылады.
Талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 25 АЕК.
Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарға, құрылыстарға және басқа нысандарға орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабына сәйкес 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Осыған байланысты Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын сайлау алдындағы үгіт кезінде сайлау заңнамасын қатаң сақтауға және заңға қайшы әрекеттерге жол бермеуге тағы да шақырды.

