Таиланд астанасында жүзуден жас санаттары арасындағы 12-ші Азия чемпионаты аяқталды. Жүлделер үшін 33 елден келген 627 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасы турнирді бес медальмен аяқтады, оның екеуі – алтын. Жарыстың соңғы, бесінші күні ұлттық құрама қоржынына тағы екі жүлде түсті.
Анатолий Руденко 50 метрге брасс әдісімен жүзуде жеңіске жетіп, жекелей сында алтын медаль иеленді. Бұл – спортшының турнирдегі екінші алтыны. Бір күн бұрын ол 100 метрге брасс әдісімен жүзуде үздік атанған еді.
Мансұр Айтқалиев чемпионаттың қорытынды күнінде 4×100 метрлік аралас құрама эстафетада өнер көрсетті. Қазақстан командасы екінші орын алып, күміс медаль иеленді.
Құрама алғашқы медалін жарыстың бірінші күні жеңіп алды. Сол кезде Мансұр Айтқалиев 4×100 метрлік эстафетада қола жүлдеге қол жеткізді.
Үшінші күні Анатолий Руденко 4×100 метрлік құрама эстафетада күміс жүлдегер атанды. Кейін жүзуші жекелей қашықтықтарға ауысып, қарсыластарын екі рет артта қалдырды. Бангкоктағы 100 және 50 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында қазақстандық спортшы жеңіске жетті.
Осылайша, турнир қорытындысы бойынша Анатолий Руденко екі алтын және бір күміс медаль иеленді. Ал Мансұр Айтқалиев командалық сайыстарда бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

