Облыс орталығында жасыл желектердің дендрологиялық жоспарын әзірлеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Қала аулаларында мамандар ағаштарды санап, әрқайсысының сипаттамасын жасап жүр. Олар ағаштардың түрін анықтап, өлшемдерін алып, өзге де деректерді тіркейді.
Бұл жұмыс отырғызылған өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттыру үшін қажет. Сонымен қатар ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Дендрологиялық жоспар барлық екпелерді толық түгендеуді және көгалдандыруға ғылыми тұрғыдан қарауды көздейді. Ағаштардың түрі, топырақтың құрамы мен суару ерекшеліктері секілді барлық факторды ескеру қажет. Бұған дейін мұндай жұмыс жүргізілмеген, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін Өскемендегі барлық жасыл желектің картасы жасалады.

