Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мүмкіндігі шектеулі студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған инклюзивті цифрлық платформа әзірленді. Жобаны ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері өндірістік тәжірибе кезінде жасап шықты. Бастаманы ақпараттық технологиялар департаменті мен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты қолдады.
ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманованың айтуынша, бұл – мүмкіндігі шектеулі студенттердің тікелей қатысуымен жүзеге асырылған осындай форматтағы Қазақстандағы алғашқы толыққанды жоба.
– Жобаның ерекшелігі – нақты цифрлық өнімді инклюзивті студенттер тобы әзірледі. Оған есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ БЦС-ы бар білім алушылар қатысты. Тиімді байланыс орнату үшін кәсіби ымдау тілі аудармашысы тартылды. Ал цифрлық қолжетімділік мәселелері мүгедектігі бар студенттердің тәжірибесі ескеріле отырып әзірленіп, сынақтан өткізілді, – дейді ол.
Яғни қолжетімділік кейін салтанатты түрде есеп беру үшін соңғы сәтте жеке батырма ретінде қосылған жоқ. Мүгедектігі бар студенттер платформаны әзірлеуге өздері қатысып, оны пайдаланудың қаншалықты ыңғайлы екенін тексерді.
Қатысушылар цифрлық өнім жасаудың толық циклінен өтті: талаптарды талдады, архитектурасын жобалады, функционалдық модульдерін әзірледі, интерфейстің қолжетімділігін тексерді және дайын платформаны іске қосты.
Веб-ресурста жаңалықтар мен медиа бөлімдері, іс-шаралардың интерактивті күнтізбесі, Тұрақты даму мақсаттары туралы блог, медиагалерея және басқа да цифрлық сервистер бар.
Жоба Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызығушылығын тудырды. Қазір орталық оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Платформаны әлеуметтік қорғау, кәсіби даму және әртүрлі санаттағы азаматтар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру салаларындағы инклюзивті цифрлық шешімдерді әзірлеуге негіз ретінде де пайдалануға болады.
Жоба қарапайым, бірақ маңызды нәрсені көрсетті: мүгедектігі бар адамдарға арналған цифрлық сервистерді олар үшін ғана емес, олармен бірге әзірлеу әлдеқайда тиімді.

