Қазақстанда Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол шекаралық өткелі ашылады. Құрылыс алаңында 20 миллион текше метрден астам жер жұмыстары орындалды. Бұл жобалық көлемнің 52%-ын құрайды.
Жобаның іске асырылу барысын көлік министрлігінде өткен жұмыс кеңесінде талқылады. Жиынға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар Бақты – Аягөз желісінен бөлек, Дарбаза – Мақтаарал және Мойынты – Қызылжар теміржолдарының құрылысын да қарастырды.
Бақты – Аягөз желісінің ұзындығы 303 километр болады. Жер төсемін салу жұмыстарын биылғы қазан айында аяқтау жоспарланған. Қазір құрылыс алаңында 1 379 маман еңбек етіп, 884 техника жұмыс істеп жатыр.
Жаңа теміржол іске қосылғаннан кейін көлік дәлізінің өткізу қабілеті жылына 25 миллион тонна жүкке дейін артады. Қазақстан Қытайға жүк тасымалдауға арналған тағы бір толыққанды бағытқа ие болады.
Басқа ірі теміржол нысандарында да жұмыс жүріп жатыр. Ұзындығы 127,6 километр болатын Дарбаза – Мақтаарал желісі Өзбекстан Республикасымен қосымша халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруы тиіс. Жоба шамадан тыс жүктелген Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі жүк ағынын қайта бөлуге, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азия елдері бағытындағы транзиттік тасымалды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Құрылысшылар жер төсемін төсеп, рельс-шпал торын орнатып, көпірлер, жол өткелдері, мал өтетін өткелдер және басқа да инженерлік нысандар салып жатыр. Жобаға 1 400-ден астам маман мен 1 045 техника жұмылдырылған.
Ұзындығы 300 километрден асатын Мойынты – Қызылжар теміржол желісін биыл аяқтау жоспарланған. Негізгі жер жұмыстарының 93%-ы, ал рельс-шпал торын төсеу жұмыстарының 51%-ы орындалды.
Құрылысшылар көпірлерді, құбырларды, жол өткелдері мен мал өтетін өткелдерді салуды және монтаждауды жалғастырып жатыр. Нысанда 2 000-ға жуық маман жұмыс істейді, 698 техника жұмылдырылған.
Кеңес қорытындысында теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов құрылыс кестесін сақтауды, жұмыс қарқынын арттыруды және өнеркәсіптік әрі өндірістік қауіпсіздік талаптарын төмендетпеуді талап етті. Сондай-ақ ол барлық нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.

