Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өңірдегі экологиялық мәселелер талқыланды. Жиында Өскеменнің ауасы, өнеркәсіптік шығарындылар, тазарту құрылыстары, коммуналдық қалдықтар және туристік аудандардағы инфрақұрылымның жағдайы сөз болды.
Өңірдің бас экологі Әсет Сүлейменовтің айтуынша, былтыр жүргізілген зерттеулер жағымсыз болғанымен, жұртты таңғалдыра қоймайтын жағдайды көрсетті. Өскеменнің атмосферасына тарайтын шығарындылардың негізгі бөлігі зауыттарға емес, автокөліктерге тиесілі – 56,7%.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесі 34,4%-ды құрайды, тағы 8,9%-ы жеке сектордағы пешпен жылытуға тиесілі. Яғни қаланың ауа «сапасына» автокөліктердің қосқан «үлесі» әлдеқайда жоғары болып шықты.
Сонымен қатар соңғы бес жылда өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарындылар көлемін 8%-дан астамға азайтқан. Бұған табиғатты қорғау шаралары мен өндірістік процестерді жаңғырту арқылы қол жеткізілді.
ШҚО-ның ірі кәсіпорындарында 15 автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Алайда мұндай жүйе әлі күнге дейін «Шығыс Жылу» АҚ-да (№2 қазандық) және «Востокмашзавод» АҚ-да орнатылмаған.
Өңір билігі экологиялық бақылауды жетілдіруді және автоматтандырылған мониторингті енгізуді жалғастырады. Басым міндеттер қатарына шығарындыларды одан әрі азайту, жылу энергетикасы нысандарын жаңғырту, елді мекендер мен туристік аймақтарда тазарту құрылыстарын салу, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды орналастыру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту енгізілді.
Кеңеске қатысушылар туристік аумақтардың экологиялық инфрақұрылымын да жеке талқылады. Облыстағы нысандардың басым бөлігінде әлі күнге дейін заманауи су бұру және сарқынды суларды тазарту жүйелері жетіспейді.
Туризм дамып жатқан тұста бұл мәселе тіпті өзекті бола түсті. Демалушылар саны артып, жаңа нысандар ашылып жатыр, ал кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары кей жерлерде туристік серпінге ілесе алмай келеді. Бұл мәселені шешу экологиялық тәуекелдерді азайтып, туристік аумақтардың табиғат пен тұрғындарға зиян келтірмей дамуына мүмкіндік береді.
ШҚО туризм және инвестициялар басқармасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне туристік нысандарды жеңілдікпен несиелеу тетігін әзірлеуді ұсынды. Кәсіпкерлер бұл қаражатты заманауи жергілікті тазарту құрылыстарын орнатуға жұмсай алады.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де өткір тұр. Қазір Катонқарағай, Күршім, Марқакөл және Самар аудандарында ҚТҚ полигондары жоқ. Ал бұл аудандарда жыл сайын көптеген демалушы келетін танымал туристік аумақтар орналасқан.
Ерлан Нысанбаев 3% мөлшерлемемен 15 жылға дейін жеңілдетілген қарыз беруді ұсынды. Бұл қаражатты Катонқарағай ауданында ҚТҚ-мен жұмыс істеу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуға бағыттау жоспарланып отыр.
Экологиялық мәселелерді кешенді шешу Шығыс Қазақстандағы қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға тиіс. Бірақ ол үшін өңірге кеңестер мен құжаттар ғана емес, нақты жұмыс істейтін тазарту құрылыстары, заманауи полигондар және шығарындыларға шынайы бақылау қажет.

