Қаңтар оқиғасынан бері төрт жылдан астам уақыт өтсе де, сол кезеңде жасырылған қару-жарақтарды анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Сотталған азаматпен жүргізілген жедел жұмыс барысында алынған ақпарат негізінде №22 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері Мамандандырылған прокуратураның және Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің 5-басқармасымен бірлесіп Алматы қаласының Наурызбай ауданында қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды анықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, аталған қару-жарақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жасырылған болуы мүмкін.
Оқиға орнын қарау барысында тегіс ұңғылы аңшы мылтығы мен оған арналған оқ-дәрілер тәркіленді. Табылған заттар тиісті сот-баллистикалық сараптама жүргізу үшін құзырлы органдарға тапсырылды.
Қазіргі уақытта қару-жарақтың шығу тегі мен оны жасырған адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шаралары жалғасуда.
– Сотталғандармен жүргізілетін жедел жұмыстар тек түзеу мекемелеріндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмейді. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдардағы қылмыстардың ізі ашылып, заңсыз сақталған қару-жарақтар анықталып, қоғам қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік беруде. Бұл – құқық қорғау органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нақты нәтижесі», – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.

