Өскеменде Металлург күні атап өтілді

Облыс орталығында елде осы жексенбіде аталып өтетін Металлург күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекенің басты алаңына айналған «Восток» стадионына кешкі уақыттан бастап мыңдаған қала тұрғыны жиналды. Трибуналар мен алаң түгелге жуық толды. Қонақтар үшін интерактивті алаңдар, фотозоналар, шеберлік сабақтары мен ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Сала өкілдерін кәсіби мерекемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде металлургия Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің негізі болғанын және солай болып қала беретінін атап өтті.

Бүгінде еліміздің металлургия саласының шамамен 60%-ы осы өңірде шоғырланған. Қазақстандағы мырыш шикізатының 100%-ы және аффинаждалған күмістің 70%-ға жуығы осында өндіріледі. Облыста 70-тен астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 80%-ы өңдеу секторына тиесілі.

Әкімнің айтуынша, Шығыс Қазақстан еліміздің жетекші өнеркәсіптік өңірлерінің бірі саналады. Металлургия кешені өнеркәсіптің өсуін қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтып келеді және өңір дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі болып отыр.

Өңір басшысы сирек әрі стратегиялық маңызы бар металдар өндіретін кәсіпорындарды облыстың ерекше мақтанышы деп атады. Олардың қатарында «Казцинк», Үлбі металлургиялық зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, «Востокцветмет» және отандық өнеркәсіптің басқа да жетекші кәсіпорындары бар. Үлбі металлургиялық зауыты ТМД елдерінде тантал өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын болып қала береді. Сондай-ақ зауыт атом электр станцияларына арналған уран отынын өндіреді.

– Бүгінде саланың алдында жаңа міндеттер тұр: өндірісті цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу, экологиялық тиімділікті арттыру және шикізатты терең өңдеуді дамыту. Металлургтердің кәсібилігінің арқасында Шығыс Қазақстан еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіпті дамытуға, инновацияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және еңбек адамын қолдауға ерекше көңіл бөлетінін айтты. Әкімнің сөзінше, бүгінде өңірдегі металлургиялық кәсіпорындар өндірісті жаңғыртып қана қоймай, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп, әлемдік нарықтағы позицияларын нығайтып келеді.

Нұрымбет Сақтағанов сала ардагерлеріне де ерекше алғыс білдірді. Өңір басшысы дәл осы мамандар Шығыс Қазақстан металлургиясының дамуына берік негіз қалап, тәжірибесін жас мамандарға жеткізгенін атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі кәсіпорын қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталарын табыстады. Сонымен қатар «Казцинк» компаниясы өндірістік апаттардың салдарын жоюға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан қызметкерлерге бір миллион теңгеден берді.

Мереке адам өмірін құтқарған Шығыс Қазақстан тұрғындарына жыл сайын табысталатын «Ізгі жүрек» сыйлығын тапсыру рәсімімен жалғасты. Бұдан кейін Мирас Жүгінісов, «Мадагаскар» тобы және «Банд’Эрос» қатысқан үлкен концерт өтті.

Концерт аяқталғаннан кейін тұрғындар әлеуметтік желілерде суреттері мен бейнероликтерін ұзақ уақыт бөлісті. Көпшілік кештің атмосферасын, мерекенің ауқымын және әртістердің өнерін ерекше атап өтті. Қала тұрғындарының пікіріне қарағанда, биылғы Металлург күні облыс орталығындағы ең көпшілік қатысқан жазғы іс-шаралардың біріне айналды.

Новые статьи

В ВКО обновят 215 километров дорог, ведущих к туристическим объектам

В Восточно-Казахстанской области реализуются дорожные проекты, направленные на развитие туристической отрасли. В этом году проводится ремонт автомобильных дорог, ведущих в село Улкен Нарын, к...

ШҚО-да туристік бағыттарға апаратын 215 шақырым жол жаңартылады

ШҚО-да туризмді дамытуға серпін беретін жол жобалары іске асырылып жатыр. Биыл Үлкен Нарын, Бұқтырма су қоймасының жағалауы, Сібе көлдері мен Марқакөлге апаратын автомобиль жолдары...

В этом году в Восточном Казахстане отремонтируют 630 километров дорог

В этом году в Восточно-Казахстанской области планируется отремонтировать 630 километров дорог. На реализацию инициативы выделено около 57 млрд тенге. Из них порядка 37 млрд...

Биыл шығыста 630 шақырым жол жөнделеді

Биыл ШҚО-да 630 шақырым жолды жөндеу көзделген. Бастаманы іске асыру үшіг 57 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 37 млрд. жуығы республикалық, 20 млрд....