2026 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір апта ішінде төмендеді. Қияр 4,6%, қызанақ пен сәбіз 3,2% арзандады. Жұмыртқа бағасы 0,4%, ұн 0,3%, тауық еті 0,2% төмендеді.
Бірнеше қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы деңгейі де төмендеді. Ақтауда баға 0,7%, Қонаевта 0,3%, Жезқазған мен Петропавлда 0,2%, Тараз, Қарағанды және Түркістанда 0,1% түсті.
Астана, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде қалды.
Ел бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 524 теңгені құрады. Ең арзан қияр Таразда сатылды – бір килограмы 357 теңге. Жылтыратылған күріштің елдегі орташа бағасы бір килограмына 534 теңге болды. Ең төмен баға Қызылордада – 456 теңге және Алматыда – 478 теңге деңгейінде тіркелді.
Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы бір килограмына 198 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – бір килограмы 137 теңге. Қазақстан бойынша I санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 561 теңге болды. Ең арзан жұмыртқа Қызылордада – 464 теңге және Оралда – 476 теңге.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі апта сайын есептеледі. Мамандар барлық облыс орталығындағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және елордадағы азық-түлік бағасын бақылап отырады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген. Оған азық-түліктің 31 атауы кіреді.


