Қытайлық компания Қазақстанның үш қаласында қоқыс өңдеу зауыттарын салуы мүмкін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қытайлық China Tianying Inc. компаниясымен келіссөздерді жеделдетуді тапсырды. Үкімет инвесторды елдің кемінде үш ірі қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуға тартуды көздеп отыр.

Олжас Бектенов партия комитетінің хатшысы әрі China Tianying Inc. президенті Дэбяо Цаомен кездесті. Тараптар қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату саласындағы инвестициялық жобаларды талқылады.

– Мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімді әрі сындарлы диалогтың арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында тұрақты дамып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $48 миллиардқа жетті. Үкімет мемлекеттеріміздің басшылары қойған сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі міндетті орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр, – деді Олжас Бектенов.

Қазақстан мен Қытай құны $13,3 миллиард болатын 77 бірлескен жобаны жүзеге асырды. Соның арқасында 21,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Тағы 269-дан астам бастама перспективалы жобалар портфеліне енгізілді.

Белсенді дамып келе жатқан бағыттардың бірі – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату. Қазір мұндай зауыттар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында салынып жатыр. Өңірлерде қоқысты бір мезгілде өңдеп, электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін Waste-to-energy тетігі де енгізілуде. Яғни қалдықтар полигондарда үйіліп жатпай, пайда әкелуі тиіс.

China Tianying бұл салада 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Компанияның өз технологиялық және өндірістік қуаттары бар. Оның қызмет географиясы Сингапур, Мальдив аралдары және Францияны қоса алғанда, әлемнің 30-дан астам елін қамтиды.

Дэбяо Цао компанияның технологиялары мен өндірістік қуаттары озық еуропалық экологиялық стандарттарға сәйкес келетінін айтты.

– Біз екі бағытта жұмыс істейміз: экологияны қорғау жобалары және жаңа энергетика технологияларын дамыту. Қазір компания зауыттарының өңдеу қуаты тәулігіне төрт мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты құрайды. Кейін бұл көрсеткіш тәулігіне жеті мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Компания толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істейді: техникалық шешімдер әзірлеу мен жабдық өндіруден бастап, құрылыс жүргізу, нысанды пайдалануға беру және одан әрі сервистік қызмет көрсетуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды, – деді Дэбяо Цао.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанда тәулігіне 250-ден 500 тоннаға дейін қалдық өңдейтін шағын қуатты зауыттар салу мәселесін де жеке талқылады. Мұндай кәсіпорындар коммуналдық қалдық көлемі ірі кешен салуды қажет етпейтін өңірлерде пайда болуы мүмкін.

Қазір Қазақстан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобаларын Инвестициялар туралы келісімдер тетігі арқылы жүзеге асырып жатыр. Энергетикалық кәдеге жарату кәсіпорындары өндіретін электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 55 теңгеге дейінгі тариф белгіленген.

Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға инвестициялық жобаны сүйемелдеуді және құжаттарды рәсімдеуді созбауды тапсырды.

– Экология министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, компаниямен келіссөздердің қорытынды кезеңін жедел түрде өткізсін. Екі апта ішінде Қазақстанның кемінде үш ірі қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуды көздейтін Инвестициялар туралы келісімді бекітуге енгізсін, – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Өткен жылы Қазақстан қытайлық компаниялармен Инвестициялар туралы келісімдер жасасты. Қазір үш қалада жалпы құны 293,3 миллиард теңге болатын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттары салынып жатыр.

Кәсіпорындардың жиынтық қуаты тәулігіне 4,5 мың тонна қалдықты құрайды. Зауыттар 134 МВт электр энергиясын өндіріп, 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.

Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясы тәулігіне 2000 тонна немесе жылына 730 мың тонна коммуналдық қалдықты кәдеге жарата алатын зауыт салып жатыр. Кәсіпорын 60 МВт электр энергиясын өндіреді. Инвестиция көлемі 145,5 миллиард теңгені құрайды.

Астанада EAST HOPE компаниясы тәулігіне кемінде 1500 тонна немесе жылына 550 мың тонна коммуналдық қалдықты энергетикалық кәдеге жарату жобасын жүзеге асырып жатыр. Электр энергиясын өндіру қуаты 50 МВт болады. Инвестицияның жалпы көлемі 94,4 миллиард теңгеге жетті.

Шымкентте Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd компаниясымен бірлесіп, тәулігіне 1000 тонна немесе жылына 360 мың тонна коммуналдық қалдық өңдейтін зауыт салынып жатыр. Кәсіпорын 24 МВт электр энергиясын өндіре алады. Жобаға шамамен 54 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Қазір осындай жобалар Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қазақстанның басқа да қалаларында қарастырылып жатыр.

Новые статьи

Безопасность на озере Зайсан: полиция и спасатели провели профилактический рейд

Сотрудники полиции Тарбагатайского района совместно с подразделением по чрезвычайным ситуациям провели профилактический рейд на побережье озера Зайсан. Главная цель мероприятия — предупреждение несчастных случаев...

Қазақстанда отандық өндіріс ауқымы кеңейіп келеді

Қазақстан өз зауыттарына, шикізатты өңдеуге және азық-түлік өндірісіне басымдық беріп отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында отандық кәсіпорындар 466,1 миллиард теңгеге ұзақ мерзімді тапсырыс...

В Казахстане расширяют внутреннее производство

Казахстан усиливает ставку на собственные заводы, переработку сырья и производство продуктов питания. За первые шесть месяцев 2026 года отечественные предприятия получили долгосрочные заказы на...

ШҚО полицейлері зейнеткерді тонаған қылмыскерді ізін суытпай ұстады

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында егде жастағы азаматқа қатысты жасалған қылмыстық әрекет ізі суытпай ашылды. Тергеу мәліметі бойынша, кешкі уақытта 73 жастағы жалғыз тұратын зейнеткердің...