2026 жылдың басынан бері Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасындағы онлайн курстарды аяқтаған 89,8 мың азамат сертификат алды. Сервис іске қосылғалы оған 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркеліп, берілген сертификаттардың жалпы саны бір миллион 280 мыңға жетті. Биыл ғана платформаға 129,3 мың адам қосылды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оқуын аяқтағандар арасында әйелдер басым. Олардың саны 50 455 адамды немесе 56,2%-ды құрады. Ер адамдар 39 354 сертификат алды, бұл – 43,8%.
Ең белсенді жас санаты 36 мен 50 жас аралығындағы азаматтар болды. Осы топтағы 31 435 адам оқуын аяқтады.
Түлектер саны бойынша Қызылорда облысы көш бастап тұр. Өңірде 8 549 адам сертификат алды. Одан кейін Түркістан облысы – 7 751 адам, Алматы облысы – 7 207, Алматы қаласы – 7 107, Шымкент қаласы – 6 298 және Жамбыл облысы – 5 879 адам.
Оқуын аяқтағандардың 34,2 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Олардың арасында 16 мен 34 жас аралығындағы 8,5 мың жас бар.
Қазір Skills Enbek платформасында түрлі бағыттағы 624 курс орналастырылған. Оның 433-і тегін қолжетімді. Оқу ұзақтығы екі сағаттан 80 сағатқа дейін созылады.
Платформа өз білім беру бағдарламаларымен қатар Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстарын да ұсынады. Пайдаланушылар оқуын осы компаниялардың платформаларында жалғастыра алады.
Ең танымал курс «Кассир» болды. Бұл бағыт бойынша 10 974 сертификат берілді. «Қаржылық сауаттылық курсын» 4 124 адам, «Қозғалысы қиын адамдарды сүйемелдейтін жеке көмекшінің кәсіби курсын» 2 591 адам, ал «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» курсын 1 654 адам аяқтады.
Платформада есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған «Тігін ісінің негіздері: ымдау тілінде жасанды интеллектпен дыбыстау» инклюзивті курсы да пайда болды. Бұл – ымдау тілі мен жасанды интеллект қолданылатын тігін негіздері курсы.
Курсқа 259 пайдаланушы жазылды. Оның 126-сы оқуын сәтті аяқтап, сертификат алды.
Сонымен қатар әзірлеушілер виртуалды шындық технологияларын енгізіп жатыр. VR көмегімен білім алушылар қауіпсіз интерактивті ортада еңбек қауіпсіздігі бойынша практикалық дағдыларын пысықтап, өндірістегі ықтимал қауіптермен танысады және түрлі жұмыс жағдайларындағы іс-қимыл тәртібін меңгереді.
Пилоттық жоба аясында «Еңбекті қорғау» курсының практикалық сабақтары Астана және Шымкент қалаларындағы еңбек мобильділігі орталықтарында өтті. Оқуды 138 адам сәтті аяқтады. Оларға практикалық сабақтан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
Платформаға тіркелу және оны пайдалану мәселелері бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ қызметкерлеріне 8 (7172) 95 43 17 телефоны арқылы хабарласуға болады. Қосымша нөмірлер: 441 және 888.


