Катонқарағай ауданы Берел ауылының маңындағы Патшалар аңғарында «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі өтті. Бұл шара «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылып, көрнекті қазақ ақыны Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналды.
Поэзия кешіне Қазақстанның барлық өңірінен ақындар, жазушылар мен әдебиет сүйер қауым жиналды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әдеби мұра мен ұлттық рухани құндылықтарды сақтаудың тарихи жады мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, бұл ғасырлық мерейтой қазақ поэзиясының шын мәніндегі салтанатына, Алтайдың мақтанышы мен ұлттық рухтың асқақтаған символына айналды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды сақтау мен қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп, руханилықты мемлекеттің басты тіректерінің бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.
– Мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, оның рухани әлеуетімен де өлшенеді. Ал бұл ретте өнер мен әдебиеттің орны бөлек. Жаңа Конституция аясында біз қоғамдық сананы қалыптастырып, Әділетті Қазақстанды құру жолында келеміз. Мұндай сындарлы кезеңде елді біріктіретін ең ұлы күш – ортақ рухани құндылықтарымыз. Ал сол құндылықтарды бір-біріне жалғайтын алтын көпір – тіліміз, әдебиетіміз бен өнеріміз, – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов қазақ мәдениетінде ақынның рөлі әрдайым өлең жазудан әлдеқайда жоғары болғанын еске салды.
– Қазақ үшін ақын – жай ғана өлең шығарушы емес. Халқымыз ақындарға ұлттың намысын сеніп тапсырған, дәуірдің шындығын айтуға, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға, ұлттық үміт пен арманды өнер туындысына айналдыруға мүмкіндік берген, – деп қадап айтты ол.
Әкім Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығына жеке тоқталып, оның туындылары Алтаймен, туған жермен және қазақ руханиятымен тығыз астасып жатқанын атап өтті.
– Ақтан Алтайды жырлады. Бірақ ол жай ғана тауларды емес, сол асқар таулардың мінезін жырға қосты. Ол тек даланың кеңдігін емес, жанының жомарттығын толғады. Оның әрбір өлеңінен туған жердің жұпар иісі аңқып, еліне деген шексіз адалдығы естіліп тұрады. Әр шумағынан нағыз азаматтық ұстаным байқалады, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы Ақтан Нұрбаевтың мұрасы тек замандастарымыз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де айқын темірқазық болып қала беретінін айтты. Оның пайымдауынша, ақындардың үні шығып тұрғанда халықтың да рухы асқақтай түспек.
– Сондықтан біз үшін Ақтан Нұрбаевтың мұрасы – өткеннің естелігі ғана емес, бүгініміз бен болашағымыздың бағдары. Барша ақындар мен шайырларымызға шығармашылық шабыт тілеймін! «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» республикалық поэзия фестивалінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! – деді облыс әкімі.
Фестиваль Ақтан Нұрбаевтың бай әдеби мұрасын дәріптеуге, заманауи қазақ поэзиясын дамытуға және жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Кештің тізгінін елімізге белгілі ақын Қалқаман Сарин ұстады.
Поэзия додасына келесі ақындар қатысып, бақ сынады:
- Ербол Алшынбай
- Индира Кереева
- Еділбек Дүйсенов
- Дәулеткерей Кәпұлы
- Айбек Оралхан
- Пржан Сандыбай
- Әскербек Ақтай
- Мұратхан Кенжеханұлы
- Олжас Керейхан
- Жеңіс Оразайұлы
- Қызырбек Дүргінбайұлы
- Есенбол Наурызбай
- Естай Жаңабай
- Құмар Зияхан
- Мақсат Дауылбайұлы
Шымылдықты алғашқы болып Катонқарағай ауданы Белқарағай ауылының тумасы Айбек Оралхан ашты. Оның туған өлкеге деген шексіз махаббат пен сағынышқа толы өлеңдерін көрермен қауым ұзақ қол соғып қарсы алды.
Фестиваль аясында шығармашылық кездесулер, әдеби сұхбаттар мен поэзиялық оқулар өтті. Қонақтар заманауи авторлардың туындыларын тыңдап, қазақ сөз өнерінің бай мұрасымен қайта қауышты.
Белгілі эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева бастаған өнерпаздардың өнері кештің музыкалық шырайын келтірді. Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары мен солистері халықтық, дәстүрлі және заманауи шығармалар тоғысқан концерттік бағдарлама ұсынды.

