Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиын барысында инвестициялық жобаларды іске асыру және өңір экономикасына инвестиция тарту жайы талқыланды.
ШҚО Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смиттің айтуынша, осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 202 млрд теңгені құрады.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 1 750,8 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылғы деңгейден 3,1 есе жоғары болды. Аталған көрсеткіш бойынша облыс Қазақстан Республикасының өңірлері арасында 5-орында тұр. Осы жылы жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 5 жоба пайдалануға берілді. Инвестициялық портфельді кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың басынан бері жалпы құны 320,2 млрд теңгені құрайтын 23 жаңа жобаны инвестициялық пулға енгізу бойынша жұмыс жүргізілді», — деді ол.
Әкімдік отырысында Шығыс Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту туралы да сөз етілді.
«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында ірі қара мал саны 369 мың басты құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға көп. Облыста 13 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жиынтық жылдық қуаттылығы — 207 160 тонна. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы құрылымдарының сүт өндіру көлемін 36%-ға арттыру көзделіп отыр. Ал ірі қара мал саны жыл соңына дейін 5%-ға көбеюі тиіс», — деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Каджибекова.
Облыс әкімі өз сөзінде қалалар мен аудандар әкімдері инвестициялық меморандумдар мен келісімдерде көзделген жобаларды іске асыру үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін жеткізді.
«Бұл жобалардың іске асырылу барысын ай сайын бақылап отыру қажет. Проблемалық жобаларға талдау жасап, оларды шешу бойынша нақты жоспар ұсыныңыздар. Инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуді күшейту керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы ірі қара мал санын ұлғайту, сүт өндірісін арттыру бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Асыл тұқымды мал үлесін арттыру бойынша да қосымша шаралар қабылдануы қажет», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

