29 қарашада Шығыс Қазақстан облысында мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Сағат 7:00-ге қарай облыстағы 534 учаскенің бәрі жұмыс істеп тұрды. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген.
532 учаске ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. 522 учаскеде пандус, 511 учаскеде тактильді белгілер бар.
501 учаскеде мүгедектігі бар сайлаушыларға арналған арнайы бұрыштар мен кресло-арбамен кіруге болатын жасырын дауыс беру кабиналары жабдықталған. 501 учаскеде бюллетень толтыруға арналған трафареттер де бар. Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар бюллетеньнің аудионұсқасын тыңдап, оны трафареттің көмегімен өз бетінше толтыра алады.
Сайлау күні инватакси қызмет көрсетеді. 117 учаскеде сайлаушылар ым тілі аудармашыларының көмегіне жүгіне алады.
Жалпы кесте бойынша дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

