29 қарашада Өскеменде мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Сағат 07:00-ге қарай қаладағы 131 сайлау учаскесінің бәрі жұмысын бастады.
Алғашқылардың қатарында дауыс берген қала тұрғындарына сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл бастама сайлауға көбірек тұрғынды тартады деп күтеді.
Бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларына алдын ала жеткізілді. Оларды ішкі істер органдарының қызметкерлері күзетке алды. Қаладағы барлық учаскеде дауыс беруге арналған жәшіктер, жасырын дауыс беру кабиналары, жиһаз, кеңсе техникасы мен ақпараттық материалдар бар.
Мүгедектігі бар сайлаушыларға арнайы орындар жабдықталды. Көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға трафареттер мен дауыс беруге арналған басқа да құралдар дайындалды.
Жалпы кесте бойынша дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясы кейбір учаскелерде дауыс беру уақытын бөлек бекітті.

