Шығыс Қазақстан облысында шалғайдағы және жетуі қиын ауылдардың тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе бастады. Биыл өңірдің 12 елді мекенінде спутниктік байланыс жабдықтары орнатылып, іске қосылды. Желтоқсан айының соңына дейін тағы 4 елді мекенде спутниктік байланыс жабдықтарын орнату жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының білім алу, жұмыс істеу, ақпарат алмасу және мемлекеттік қызметтерді қашықтан пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «QMobile» АҚ Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында бірлесіп іске асыруда.
2026 жылғы мамырда екі ауылға спутниктік интернет қосылды. Жуырда тағы 10 елді мекенде жұмыстар аяқталды. Орнатылған жабдық 50 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықпен интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Қамту радиусы 100 метрге дейін жетеді.
«Бұл бастама әсіресе шалғайдағы ауылдар үшін маңызды. Тұрақты интернет тұрғындарға онлайн білім алуға, қашықтан жұмыс істеуге, жақындарымен байланысуға және мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай алуға мүмкіндік береді. „Қолжетімді интернет“ ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға бағытталған. Спутниктік технологиялар шалғай елді мекендерді заманауи байланыс қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы.

