5 қазан — Мұғалімдер күніне орай ШҚО филармониясында білім саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.
«Ұстаз — білім мен тәрбиенің бастауы, ұлт болашағын қалыптастыратын аса жауапты мамандық иесі. Бүгінде білім мен ғылымды дамыту, педагог мәртебесін арттыру — мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мықты мұғалім — сапалы ұлттың тірегі» деп атап өткендей, еліміздің ертеңі ең алдымен білімді, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге тікелей байланысты. Қадірлі ұстаздар, еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі мерейлеріңізді үстем етсін!», — деді аймақ басшысы.
Қонақтарға арналып оқушылар мен колледж студенттерінің шығармашылық жұмыстарының көрмесі қойылды. Сондай-ақ Өскемен қаласының кітапханалары мен кітап дүкендері ұсынған оқу және көркем әдебиет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Фойеде «Біздің құттықтауларымызды қабыл алыңыздар» бейнероликтер байқауының үздік жұмыстары көрсетілді.
Салтанатты жиынның басты бөлігі — ұстаз еңбегін бағалап, үздіктерді марапаттау рәсімі болды.
Білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен кәсіби қызметі үшін педагогтерге мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Атап айтқанда, 3 педагог «Құрмет» орденімен, 4 ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 3 мұғалім «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар ұстазға Ы. Алтынсарин төсбелгісі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.
Жиында 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік білім бөлімі мен колледж де анықталды. «Жалпы орта білім бойынша үздік білім бөлімі — 2026» атағына Глубокое аудандық білім бөлімі ие болса, Өскемен жоғары политехникалық колледжі жылдың үздік колледжі атанды.
Ары қарай шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан мектептерінде 11 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Өңірде білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және олардың еңбегін қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

