Өскемендегі «Алтын дән» арнайы балабақшасында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған кездесу өтті. Балалармен Өскемен қаласы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ерқанат Жақыпов әңгімелесті.
Ол бағдаршамның не үшін қажет екенін, жолдан қай жерден қауіпсіз өтуге болатынын және көлік жүретін бөлікке неге жүгіріп шығуға болмайтынын түсіндірді. Жолдан өткенде айналадағы жағдайды бақылау үшін телефонды алып қойып, құлаққапты шешу керегін де айтты.
Балалар инспектордың сұрақтарына жауап беріп, жол ережелері туралы білетіндерін ортаға салды. Осылайша олар маңызды қағидаларды қайталап қана қоймай, полиция қызметкерімен де сөйлесті.

