Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында Қалжыр ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Мекеме ауылдың 1145 тұрғынына қызмет көрсетеді.
Амбулатория алғашқы медициналық-санитариялық, амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек көрсетеді. Оның жанында 2 төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді. Амбулатория құрамына «Қазақстан», «Жаңаауыл» және «Тақыр» медициналық пункттері кіреді. Мұнда 12 адам еңбек етеді.
Жыл басынан бері ауылда 7 сәби дүниеге келді. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Қазір 230-дан астам тұрғын диспансерлік есепте тұр.
Амбулаторияда тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық дәрілік саясат аясында республикалық бюджет есебінен 150-ден астам атаудағы дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Өңір басшысы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына назар аударып, ауыл тұрғындарына медициналық көмекті уақтылы көрсету қажеттігін атап өтті.

