Марқакөл ауданында ұзындығы 56 км Ескі Австрия жолын және 91 км болатын «Теректі – Урунхайка – Төсқайың» жолын одан әрі дамыту мәселесі пысықталып жатыр. Екі жобаны да кезең-кезеңімен іске асыру және қаржыландыру жоспарын әзірлеу қажет.
Ескі Австрия жолы тексеріліп, бірінші кезекте атқарылатын жұмыстар анықталды. Олар жол жабынын жақсартуды, тар учаскелерді кеңейтуді және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қамтиды. 2025 жылы Катонқарағай ауданы жағындағы ұзындығы 24 метр көпір қалпына келтірілді.
Сонымен қатар «Теректі – Урунхайка – Төсқайың» жолы бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жол ауданның негізгі туристік аумақтарының бірі – Марқакөл көліне көлікпен қатынауға мүмкіндік береді.
Аудан әкіміне жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі жобаны одан әрі пысықтау және кезең-кезеңімен іске асыру жоспарын әзірлеу тапсырылды. Бұл жоспарлар жүзеге асса, туристік орындарға қатынау жеңілдеп, жергілікті кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндіктер ашылады.
Аудандағы жол желісінің жалпы ұзындығы – 394 км. 2026 жылы Қазақстан ауылына кіреберістегі 2 км жол учаскесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жолға материал төсеуге және шұңқырларды жөндеуге 20 млн теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, жолдарды жазғы күтіп ұстау аясында жалпы ауданы 2 мың шаршы метр жол жабынындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары аяқталды.

