Марқакөл ауданында қонақүйлер мен қонақ қабылдайтын үйлер желісін кеңейтіп, экотуризмді дамыту және жыл сайынғы іс-шаралар күнтізбесін әзірлеу жоспарланып отыр. Әзірге мұнда 73 төсек-орынға есептелген 5 орналастыру нысаны ғана тіркелген.
Ресми статистика бойынша, 2025 жылы ауданға 2 мың турист келген. Көрсетілген қызмет көлемі 22,1 млн теңгені құрады. Туризм қазірдің өзінде жұмыс орындарын ашып, шағын бизнеске қосымша табыс әкеліп отыр. Алайда қонақтарды орналастыратын орын әлі де жеткіліксіз.
Урунхайка ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 61 млн теңге болатын 2 туристік жоба іске асырылып жатыр. Бұл – қонақүй мен демалыс базасының құрылысы. Сонымен қатар жеке инвесторлармен Марқакөл және Урунхайка ауылдарында қонақүйлер салу туралы меморандумдар жасалған.
Урунхайканың рекреациялық аймағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымын құру жобасы жүзеге асырылды. Оған облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді, оның 100 млн теңгесі – 2025 жылы. Мұнда павильон, кәріз суын тазарту нысаны, пирс пен трансформатор орнатылды. Көшелерге жарық тартылып, 5 су өткізу құбыры салынды. Сондай-ақ 2,5 км жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Саяхатшылар үшін негізгі бағыттар – Марқакөл көлі мен Ескі Аустрия жолы. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында 11 туристік маршрут жұмыс істейді. Экстремалды туризм де дамып келеді. Соның бір түрі – Ескі Аустрия жолымен жол талғамайтын көліктерді сынап көруге арналған сапарлар.
Ақжайлау ауылындағы «Уасси» этноауылы туристерге ұсынатын қызметтерін дамытып жатыр. Мұнда қонақтарды ұлттық мәдениетпен және салт-дәстүрмен таныстырып, табиғат аясындағы демалыс пен атпен серуен ұйымдастырады.
Тағы бір бағыт – түрлі іс-шаралар арқылы туристерді тарту. 2026 жылғы шілдеде алғаш рет «Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны» халықаралық фестивалі өтті. Оған шамамен 2 мың адам келді. Қатысушылар арасында Қытай, Аустрия, Ресей, Моңғолия және Қазақстан өңірлерінің өкілдері мен туристері болды. Қалжыр ауылында да «Марқа Фест – 2026» («MARQA FEST – 2026») фестивалі өтті.
Енді «Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны» фестивалін жыл сайын өткізіп, өзге өңірлер мен елдерден қонақтар тартатын шара ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл ретте туризмді, мәдениет пен ұлттық дәстүрді ұштастыратын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі үлгіге алынбақ.
Марқакөл ауданының тұрғындарымен кездесуде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен туризм және инвестициялар басқармасына жыл сайынғы іс-шаралар күнтізбесіне қатысты ұсыныстар әзірлеуді, экологиялық, ауылдық және балық аулау туризміне жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ олар қонақүй жобаларының іске асуын қамтамасыз етіп, инвесторлар тартуға және қонақ қабылдайтын үйлер желісін дамытуға тиіс.
Туристік әлеуеті бар аумақтарға қандай инженерлік және көлік инфрақұрылымы қажет екенін анықтау – бөлек міндет. Бұл ретте «Маркаколь Экоплаза» СПК-ның қонақүйі мен «Хадия» СПК-ның демалыс базасы жобаларын ескеру қажет.
Туризмді дамыту табиғи аумақтардың жай-күйіне де көбірек көңіл бөлуді талап етеді. Туристер жиі баратын жерлерде қоқысты тұрақты шығаруды ұйымдастырып, демалыс аймақтарын күтіп ұстау және нысандарды орналастыру талаптарын сақтау қажет.

