Марқакөл ауданындағы Қалжыр орта мектебінде Тоқтар Әубәкіров атындағы алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды. Салтанатты рәсімге ғарышкердің өзі және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Ашылу алдында олар Қалжырдағы Даңқ мемориалына барып, соғыста қаза тапқандарды еске алды және гүл шоқтарын қойды.
Жаңа кабинет алғашқы әскери дайындық сабақтарына арналған заманауи оқу құралдары және жабдықтармен қамтылған. Жөндеу жұмыстары мен жабдық сатып алуға осы өңірден шыққан азаматтар көмектесті. Кабинеттің безендірілуі қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің өмірі мен еңбегіне, тарихи сапарына және ел тарихындағы орнына арналған.
Нұрымбет Сақтағанов кабинеттің ашылуын ауыл мектептерінде қалалық мектептермен бірдей жағдай жасау жұмысымен байланыстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл мектептеріндегі балаларға қаладағыдай жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осы жұмыстың аясында Қалжырда осындай кабинет ашылды. Мұнда білім алатын балалар лайықты азамат болып өсіп, Тоқтар ағамыз сияқты елдің атын шығарсын, – деді облыс әкімі.
Тоқтар Әубәкіров оқушылармен білім алудың және үнемі дамудың маңызы туралы сөйлесті, олардың сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңесін айтты.
Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы және авиация генерал-майоры. 1991 жылғы 2 қазанда ол «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, «Мир» орбиталық станциясында жұмыс істеді.
Енді оқушылар бұл кабинетте алғашқы әскери дайындықты меңгеріп қана қоймай, оған есімі берілген ғарышкердің өмір жолымен де таныса алады.

