Марқакөл ауданындағы мектептерде 30 мұғалім жетіспейді. Алайда тапшылықтың жартысын жоюға қол жеткізілді: ауданға 15 жаңа маман тартылды. Ендігі негізгі міндет – қалған бос орындарды толтыру.
Ол үшін мұғалімдердің ауыл мектептерінде тұрақтап жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Ең алдымен, ауданға қажетті мамандарды баспанамен қамту керек. «Дипломмен ауылға» және басқа да бағдарламалар бар, алайда берілетін көтерме жәрдемақы үй сатып алуға жетпейді. Сондықтан ауданға қажет мамандардың баспана мәселесін шешу жөнінде ұсыныстар енгізу қажет.
Мәселен, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлерді ұсынуға немесе үй салу үшін жер телімін бөлуге болады. Облыс әкімдігі барлық ұсынысты қарастыруға дайын.
Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, ауыл мектептерінде барлық пән бойынша мұғалімдер жұмыс істеуі, ал кабинеттер заманауи жабдықтармен қамтылуы тиіс. Өңір басшысы негізгі қағиданың өзгермейтінін айтты: ауылдар мен шалғай елді мекендердегі балалардың сапалы білім алу мүмкіндігі қала оқушыларымен бірдей болуы керек.

