Марқакөл ауданында тұрғындарға 20 денсаулық сақтау ұйымы қызмет көрсетеді. Алайда медицина мамандарының тапшылығы әлі де сезіледі.
Бүгін ауруханаға барған Шығыс Қазақстан облысының әкіміне ауданда хирург, анестезиолог-реаниматолог және жалпы практика дәрігері жетіспейтіні айтылды. Ірі медициналық орталықтарға дейінгі қашықтық ондаған, тіпті жүздеген шақырым болатын шалғай елді мекендерде бұл мамандарға сұраныс жоғары.
Тұрғындармен кездесуде өңір басшысы онкологиялық аурулардың көрсеткіштеріне де арнайы тоқталды. Жыл басынан бері ауданда қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 48,8%-ға төмендеді. Бұл – елеулі нәтиже. Сонымен қатар сырқаттанушылық 2,3%-ға өсті.
Анықталған жағдайлар санының артуы ең алдымен диагностиканың белсенді жүргізілуімен байланысты. Скринингтер, ауруларды ерте анықтау және профилактикалық тексеру жұмыстары күшейтілді. Аудан ауылдарының тұрғындары көпбейінді онкологиялық орталықта алғашқылардың бірі болып толық медициналық тексеруден өтті. Ауру неғұрлым ерте анықталса, уақтылы ем алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, аурулардың алдын алу және ерте анықтау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ қажетті медицина мамандарын тарту шараларын қабылдауды тапсырды.
– Алдағы уақыттағы басты міндет – шалғай аудан тұрғындарының қажетті көмекті уақтылы әрі мүмкіндігінше жүздеген шақырым жол жүрмей алуына жағдай жасау. Аудандағы бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі көп жағдайда жергілікті жерде мамандардың болуына және аурулардың ерте анықталуына байланысты, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

