Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша шығысқазақстандықтар бес алтын және бір қола медаль иеленді.
Әсіресе дәстүрлі садақ атудан және арқан тартудан өнер көрсеткен спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Аяш Қабдоллаева 60 метр қашықтықтағы «Пута» санатында жеңімпаз атанды. Шығыс Қазақстан құрамасы арқан тартудан 8х8 және 4х4 құрамдарында алтын медаль жеңіп алса, Мейір Рахметқалиев 1х1 жеке сайысында бірінші орынға ие болды. Ал Вадим Макарцов стронгмен жарысында үшінші орын алды.
Бүгін облыс әкімдігінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен кездесіп, жоғары нәтижелерімен құттықтады. Аймақ басшысы спортшыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.
«Сіздер Шығыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыздар. Әр медальдің артында зор еңбек, күнделікті жаттығу, табандылық пен өз күшіне деген сенім тұр. Спортшыларымыздың ұлттық спорт түрлерінен де жоғары нәтиже көрсетіп, дәстүрімізді дәріптеп, оны халықаралық деңгейде танытып жүргені қуантады. Осы жетістіктеріңіз үшін және өңіріміздің абыройын асқақтатып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу барысында спортшылар жарыстан алған әсерлерімен бөлісіп, дайындық барысы мен Ойындардағы ерекше атмосфера туралы айтып берді. Олардың көбісі үшін мұндай халықаралық додаға қатысу тек спорттық сынақ қана емес, туған өлкенің мәдениеті мен дәстүрін таныстыруға берілген мүмкіндік болды.
Шығыс Қазақстан құрамасы сапында дәстүрлі садақ ату, арқан тарту және стронгменнен спортшылар, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары өнер көрсетті.

