Қазақстан Үкіметінің отырысында еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды. Бұл – Шығыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды тақырып. Өңір индустриялық, мұнда қауіпті нысандар көп, ал жақында Өскемендегі «Казцинк» мырыш зауытында болған жарылыс өндірістік қауіпсіздік ең алдымен адам өміріне қатысты мәселе екенін тағы бір мәрте көрсетті.
ШҚО-дағы жағдай туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасады. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес:
Облыста 354 қауіпті өндірістік нысан қадағалауда тұр;
2026 жылдың алғашқы бес айында мамандар 29 жоспарлы тексеру жүргізіп, 256 нысанды тексерді;
Нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 842 жағдайы анықталды.
Отырыста апаттар мен оқыс оқиғалардың көрсеткіштері бөлек салыстырылды. 2026 жылдың алғашқы бес айында ШҚО-да 3 апат пен 3 оқыс оқиға тіркелді. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 1 апат пен 5 оқыс оқиға болған еді. Яғни, оқыс оқиғалар саны азайғанымен, апаттар бойынша жағдай күрделене түскен.
Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновке өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыстың қауіпті өндірістік нысандарында өндірістік бақылау қызметтері құрылуда. Олар жабдықтардың, технологиялық процестердің жай-күйін және өндіріс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалауы тиіс.
Анықтама: 2026 жылы облыста нормативтік қызмет мерзімі өткен 603 жабдық пен технологиялық желіні ауыстыру жоспарлануда. Бұл – ең маңызды тармақтардың бірі: қауіпті өндірістегі ескі жабдық – апат болғаннан кейін емес, апатқа дейін шешілуі тиіс мәселе.
ШҚО ТЖД жанынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық кеңес те құрылды. Ол өндірістегі тәуекелдерді азайтуға арналған техникалық шешімдер мен тәсілдерді әзірлеуге көмектесуі тиіс.
Облыс әкімі өнеркәсіптік қауіпсіздік процестерін цифрландыру мәселесіне жеке тоқталды. Өңірде мынадай бағыттарға басымдық берілуде:
техника мен қызметкерлерді позициялау жүйелеріне;
телеметриялық бақылау және диспетчерлендіруге;
авариялық құлақтандыру және бейнебақылауға;
тау-кен қазбаларының мониторингіне.
Бұл шаралардың басты мақсаты – өндірістік жарақаттануды азайту, апаттардың алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау.
Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін 479 мың жұмысшыны қамтитын кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Министрдің айтуынша, мұндай қызметкерлердің басым бөлігі Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.
– Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде олардың қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 118 мың жұмысшы жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылды. Бұдан бөлек, 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 170 профилактикалық бақылау тексерісі жүргізілді және бұл қамту 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты, – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша 2,8 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, орындалуы міндетті 1 630 нұсқама берілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды.
– Еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар өндірістік жарақаттануды азайтуға септігін тигізуде. 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға, ал өліммен аяқталған жағдайлар 7,9%-ға азайды, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, министрлік өндірістік бақылауға, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттауға қойылатын талаптарды күшейтті, сондай-ақ тозығы жеткен жабдықтарды уақтылы жаңарту жоспарын міндетті түрде келісу талабын белгіледі.
– Қазіргі уақытта республика бойынша қауіпті өндірістік нысандарда жұмысшылардың қаза табуы 2,5 есе, жарақаттану 25%-ға төмендегені байқалады, – деді Шыңғыс Әрінов.
Ол сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізе отырып, «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 55 шахта мен кеніш тексерілді. 45 нысанда заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізіліп үлгерді. Бүгінгі таңда 14 шахта мен кеніштің бейнебақылау және позициялау жүйелері министрліктің Ахуалдық орталығына қосылған.
Отырыста «Казцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботиннің де есебі тыңдалды. Ол компаниялар тобында жұмыс жүргізудің ерекше бақылау режимі енгізілгенін, жұмыс орындарында 11 мыңға жуық тексеру жүргізілгенін баяндады.
Жанат Жанботиннің айтуынша, компания жыл сайын өнеркәсіптік қауіпсіздікке 27 миллиард теңгеден астам инвестиция салады. Бұл соңғы бес жылда өндірістік жарақаттану деңгейін 34%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Кәсіпорындарда OneAPP цифрлық жүйесі, қызметкерлер мен техниканы позициялау жүйесі және соқтығысулардың алдын алу технологиялары қолданылуда.
Алайда Олжас Бектенов әдемі баяндамалар апаттардың шынайы зардаптарын жоққа шығармайтынын қатаң ескертті.
– Баяндамаңыз жақсы, бірақ мамыр айында болған жағдай барлық сөздеріңізді жоққа шығарады. Сондықтан қосымша белсенді шаралар қабылдаңыздар, – деп тапсырды Премьер-министр.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 5 мамырда компанияның Өскемендегі мырыш зауытында жарылыс болып, салдарынан үш жұмысшы қаза тапқан еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала тергеу мәліметтері бойынша, жарылыс технологиялық процестің бұзылуынан болған.
Бүгінде Өскемендегі нысанда ерекше бақылау режимі енгізілді. Жұмыс орындарында 11 мыңға жуық тексеру жүргізіліп, анықталған ауытқулар қатаң бақылауға алынды.
Премьер-министр жұмыс берушілер тек есеп беріп қана қоймай, адамдардың қауіпсіздігі үшін нақты жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді. Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне ірі өндіріс басшылары үшін өндірістік жарақаттану көрсеткіші бойынша KPI енгізуді тапсырды. Оның орындалмауы басшылықтың еңбекақысына және лауазымдарын сақтап қалуына тікелей әсер етеді.
Үкімет тау-кен, мұнай-газ өндіру және химия кәсіпорындарына ерекше назар аудармақ. Сонымен қатар Премьер-министр бұзушылықтар тек ірі кәсіпорындарда ғана емес, құрылыс нысандарында, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында да болуы мүмкін екенін айтты.
– Шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет. Азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты басымдық болуы тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Тапсырмалар мен мерзімдер:
Жыл соңына дейін: Төтенше жағдайлар министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «е-ТЖМ» цифрлық платформасын енгізу жұмысын аяқтауы қажет;
Жыл соңына дейін: Еңбек министрлігі «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» жүйесін Денсаулық сақтау, Әділет, Төтенше жағдайлар, Қаржы министрліктерінің және Бас прокуратураның жүйелерімен интеграциялауы тиіс;
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.
ШҚО үшін бұл шешімдердің тікелей маңызы бар: өңірде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, кеніштер мен зауыттар жеткілікті, ал адамдар күн сайын қауіпті өндірістік нысандарға ауысымға шығады. Тексерулер, жабдықтарды ауыстыру, цифрлық бақылау және басшылардың дербес жауапкершілігі есептерде емес, нақты нысандарда көрініс табуы тиіс. Өйткені апаттардың алдын алатын нәрсе – оқиғадан кейінгі ақпараттық хабарламалар емес, сапалы жабдық, темірдей тәртіп пен қатаң бақылау.

